Мәжіліс активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі заңды қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңы мен үш іліспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құжаттардың негізгі мақсаты - заңсыз алынған және шығарылған активтерді іздеуге (ашып көрсетуге), мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.

«Заң жобалары аясында заңсыз иемденген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру секілді жағымды әлеуметтік-экономикалық тұстары бар», - деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.

Оның айтуынша, жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында негізгі заң аясында тиісті түзетулер енгізілді. Бұл тұрғыда заңның қолданылу аясын нақтылауға, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне, ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауға, Комиссияның құрамы мен функцияларын қалыптастыру тәртібіне, тізілімді қалыптастыру тәртібіне, активтерді ашып көрсету туралы декларацияны және оған қоса берілетін мәліметтерді қарау кезінде Комиссияның құзыретіне, активтерді ерікті түрде қайтаруға, қатысты редакциялар түзетілді.

Сонымен қатар, «пайда болуы түсініксіз активтер», «жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адам», «үстеме кіріс» деген ұғымдар нақтыланды. Мұнымен қоса, «әкімшілік-билік ресурстары» деген жаңа ұғым еңгізілді.

Іліспе заңдар бойынша:

- Бас прокуратура жанынан активтерді қайтару жөніндегі жаңа ведомство құруға байланысты прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосының басшысына және оның орынбасарларына «прокурор» мәртебесін беруге;

- Жоғары аудиторлық палатаға жергілікті бюджеттің тиімділігі мен сәйкестігіне аудит жүргізу бойынша жаңа өкілеттіктер беруге;

- Қылмыстық кодекстің жаңа 235-1-бабы бойынша аса ірі залалдың мөлшерін немесе аса ірі мөлшерді, ірі залалдың мөлшерін немесе ірі мөлшерді анықтауға;

- қылмыстық заңның шетелдіктерге қатысты қолданылуын нақтылауға байланысты түзетулер енгізілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады. Ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайды.