Мәжіліс алдағы отырыста Үкімет ұсынған бюджет жобасына қорытынды әзірлейтін уақытты нақтылайды

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Бюро отырысы болып өтті.

Онда алдағы аптаға жоспарланған палата жалпы отырысының күн тәртібінің жобасы бекітілді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Бюро бекіткен күн тәртібіне сәйкес, депутаттардың қарауына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктерді орналастыру үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы шығарылатын болды. Сонымен бірге Мәжіліс «1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек
туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылайтын болады.

Бұдан бөлек, депутаттар жалпы отырыста «2013 - 2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қорытынды әзірлеу уақытын нақтылайды. Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру мәселесін де қарастыратын болады.