«Сот алқабилер институты кінәсіздік презумпциясын бекітуде, сот жарыспалығын қамтамасыз етуде маңызды оң рөл атқарып келеді. Оған қоса, алқабилер соты қоғамның құқықтық сауаттылғын арттыруға, сотқа деген сенімнің артуына, азаматтардың сот билігіне тікелей араласуына ықпал етеді. Бүгінгі күнге дейін алқабилер сотталушының қалауы бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген аса ауыр қылмыс жасалған істерді қарауға ғана қатысып келеді. Мысалы, 2007-2009 жылдар аралығында алқабилер соты жылына орта есеппен 50 іс қараған. 2010-2012 жылдары алқабилер соты қарайтын істер санаты кеңейтіліп, барлық аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарастыру нәтижесінде жылына 300-ден астам істер қаралған. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилер соты қарайтын істер санаты кеңейіп, аса ауыр қылмыстардың 31 құрамы алқабилер сотының қарауына берілмек», - деді Мәжіліс депутат Берік Бекжанов.
Осы орайда ол бұл саланы одан әрі дамыту, азаматтардың сот билігіне тікелей араласу құқығын кеңейту, сенімін артыру мақсатында заң жобасы аясында алқабилер соты қарастыратын істердің құрамын кеңейту ұсынылып отырғанын айтты. Алқабилер сотының құзыретін кеңейтуді қарастыру барысында қылмыстың санатына емес, оның қоғамдағы маңыздылығына көңіл бөлінді.
«Атап айтқанда, заң жобасында қоғамда үлкен резонансқа айналып жүрген жүргізушілердің жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу нәтижесінде және алкогольдік, есірткілік масаң күйде абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуға қатысты істер құрамы алқабилер сотының құзыретіне беру көзделген. Ресми статистикаға сәйкес, аталған фактілер бойынша быотыр 98 қылмыстық іс қарастырылса, биылдың 9 айында олардың саны 85-ке жетіп, қоғамның қызу талқысына түсіп отыр. Сол себепті бұл істер санатын алқабилер сотының қарауына беру - сот ашықтығының, жариялығының айқын көрінісі. Сонымен қатар, жыл басында орын алған Қаңтар оқиғасын ескере отырып, азаптауға қатысты істер де ерекше назарға ие болды. Мемлекет басшысы азаптауға қатысты істер бойынша бейтарап және объективті тергеу жүргізуді қамтасыз етуді тапсырды. Сондықтан бұл істерді қарауды алқабилерге беру – қоғам талабына сай шешім. Ата Заңыңымызға енгізілген өзгертулерге сәйкес, жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Сондықтан халық иелік ететін меншікке залал келтіруге, браконьерлікке қатысты істерді де алқабилер қарауына беру – әділетті шешім», - деді депутат.
Қаралып отырған заң жобасы бойынша алқабилердің соттылығына жататын қылмыстар құрамының саны аса ауыр қылмыстар бойынша ғана емес, сонымен қатар басқа да санаттар бойынша кеңейтіліп отыр. Мұндай істер саны 44 болмақ. Қолданысқа енгізу 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап көзделіп отыр.