Мәжіліс Аппаратында қызмет атқаратын мемлекеттік қызметші қыз-келіншектерді төл мерекесімен құттықтады

АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов депутаттар атынан Палата Аппаратында қызмет атқаратын қыз-келіншектерді 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Наурыз - көктемнің шуақты да нұрлы мерекесі. Сондықтан бүгінгі аруларымызға арналған салтанатты шарада баршаңызға шаттық сезім, ерекше көңіл-күй тілеймін.

Біздің қоғамда әйелдердің алатын орны жоғары. Саясат, экономика, ғылым мен білім - барлық салада да әйелдер абыройлы еңбегімен көрініп жүр. Біз әйелдердің қызметін жоғары бағалаймыз және оларды құрмет тұтамыз.

Аппарат қызметкерлерінің денін қыз-келіншектер құрайды. Сондықтан заң шығарушылық қызметтің сапалы да қарқынды жүргізілуіне, қабылданған заңдардың заман ағымынан қалып қоймауына қосып отырған үлестеріңіз өте зор. Осы орайда бәріңізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз»,- деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары Ж. Кәрібжанов.