17:37, 17 Маусым 2009
Мәжіліс Астана қаласында Әбу-Даби Плаза кешенін салуға қатысты келісімді бекітті
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Палата Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Астана қаласында Әбу-Даби Плаза кешенін салуға қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл заң жобасы Қазақстан Президентінің 2009 жылғы 16-17 наурызда Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында әзірленген.Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Астана қаласында Әбу-Даби Плаза кешенін салуға қатысты келісімді ратификациялау және кейіннен Әбу-Даби Плаза кешенін салу болып табылады, жобаның аяқталу мерзімі ? 2014 жыл.Жобаны іске асыру жалпы сомасы 1,8 млрд. АҚШ доллары болатын инвестициялар тартуды көздейді.Келісімнің ережелерінде Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)», Кеден кодекстерінде, сондай-ақ «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» ҚР заңдарында қамтылғандардан өзге ережелер көзделеді. Бұдан басқа, Келісімде Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметінің Қазақстан Үкіметінен осы Келісімді қазақстандық заңнамаға сәйкес ратификациялағаны туралы ресми хабарлама алған күні күшіне енетін күнді білдіретіні көзделген. Мәжіліс депутаттары заң жобасын мақұлдау жөнінде дауыс берді.