Мәжіліс ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке берудің жаңа тетігін енгізетін заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасы Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталады. Бұл ретте құжаттың басты мақсаты ағылшындық әдіспен аукциондар (кемінде екі аукцион) өткізу арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке берудің жаңа тетігін енгізу болып табылады. Құжатқа сәйкес, ағылшын әдісімен өтетін аукциондарды іске асыру мүмкін болмаған жағдайда жер учаскесін сату голландық әдіспен өткізілетін болады. Ол бойынша жер учаскесін сату оның кадастрлық құнының елу пайызы мөлшерінен төмен бағамен сатуға жол берілмейді.

Бұдан бөлек, бүгінгі күні жерді пайдаланушылар жалдау мерзімі аяқталғанға дейін жерге иелік етуді де жалғастыра алады. Сонымен қатар, оларға уақытша жер пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін жердің құнын елу пайыздық мөлшермен жеңілдетілген түрде сатып алу құқығы да қарастырылады. Сондай ақ оларға жеңілдікті бағамен төлеу мерзімін он жылға дейін ұзартып сатып алу құқығы беріледі. Ал егер жердің уақытша иелері көрсетілген құқықты пайдаланбайтын болса, онда жер пайдалану құқығы толық тоқтатылады және кейіннен жерді аукционға сату үшін мемлекет меншігіне қайтарылады.

«Сонымен қатар, жалданып жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бойынша шектеулер де алып тасталады. Бұл норма жер пайдаланушыларға жалға алу құқығымен құқықтық мәмілелер жасауға, оның ішінде банкке кепілге беруге, иеліктен шығаруға және жалдау мерзімі ішінде субарендаға табыстауға мүмкіндіктер беретін болады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, бұл қадам жерді пайдалану құқығының құндылығын, оның кепілділік тартымдылығын арттырады. «Жалпы бұл норма ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін мемлекет қолдауының пәрменді шарасы болып табылады», - деді министр.