Аталған құжат қолданыстағы заңнама талаптарын Конституцияның арнайы мекемелердегі адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету туралы талаптарына сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасы адамдарды қабылдау мен тіркеу тәртібін белгілейді. Сонымен қатар құжатта қамауға алынғандарды босату мәселесі де қарастырылады. Бұдан бөлек, заң жобасында халықаралық құжаттарда бекітілген адам құқықтарына қатысты жәйттар негізге алынған. Мәселен, онда қамауға алынған азаматтардың өздерінің құқықтарын қалай қорғауға болатындығын түсіндіретін нормалар қарастырылған.
Бұдан бөлек, заң жобасы маскүнемдік пен нашақорлыққа шалдыққандарды мәжбүрлі түрде емдеуге, қылмыстың жасалуына сезіктілер мен айыпталушыларды қамауда ұстаудың тәртібі мен жағдайына, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алуға қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.
Мәжіліс мақұлдаған құжат Парламент Сенатына жіберіледі.