14:15, 14 Қаңтар 2009
Мәжіліс бағалау қызметін жетілдіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасының негізгі мақсаты бағалау қызметінің нарық жүйесін жетілдіру және ретке келтіру болып табылады. Осыған орай, заң жобасымен мүлікті бағалауды мемлекеттік бақылаудан өзін-өзі реттеуіне біртіндеп ауыстыру шаралары жүзеге асатын болады. Сонымен бірге, заң жобасында негізінен үш тұжырымдамалық жаңалық қамтылады. «Біріншіден, бағалаушылардың өзін-өзі басқаратын ұйымдарын дамытуға құқықтық негіздер қаланады. Бұл үшін бағалаушылар палатасына бірқатар өкілеттіктер беру көзделеді. Екіншіден, бағалау қызметімен айналысуға ниет білдіруші жеке тұлғалардың білім деңгейін тексеру мақсатында емтихан өткізу институты енгізілмекші. Үшіншіден, бағалау туралы есепті дұрыс жасамағаны үшін, сондай-ақ, осы саладағы заңнаманы бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді», деді жоба бойынша баяндама жасаған ҚР Әділет вице-министрі Марат Бекетаев.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеуге тапсырылады.