Мәжіліс баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жобаны бірінші оқылымда мақұлдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасының мақсаты кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтарын, мүдделерін қорғау деңгейін арттыру болып табылады. Сонымен бірге, баланың құқықтарын қорғау мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған құқықтық шаралар жүйесін кеңейту көзделеді. Осыған орай, заң жобасында ұрлық, тонау және бопсалаушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын жасты 14-тен 16-ға дейін ұлғайту көзделеді. Кәмелеттік жасқа толмаған баланы жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жауаптылық көзделген бап енгізіледі. Бұдан бөлек кәмелетке толмаған баланың эротикалық сипаттағы материалдарды сатуына тиым салынады», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Әубәкіров.
Оның айтуынша, құжатта сондай-ақ кәмелетке толмағандарды олардың денсаулығына зиян тигізетін ауыр жұмыстарға немесе олардың білім алуына кедергі келтіретін жұмыстарға тартуға тиым салынады. Заң жобасы бойынша дамыған елдердің балалар құқы бойынша тәжірибелері зерделеніп, ескерілген.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылады.