Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, Балқаш электр стансасына қатысты келісімге Қазақстан мен Корея екі жыл бұрын қол қойған болатын. Соған сәйкес, акционер ретінде қазақстандық тараптан «Самұрық-Энерго» АҚ, ал корей тарапынан «Корея Электрик Пауэр Корпорейшн» мен «Самсунг Корпорейшн» кіріп отыр. Жобалық компаниялар Қазақстан заңнамасына сәйкес жеңілдіктер алуға құқығы бар. Жалпы осы келісім ағымдағы жылдың сәуірінде Парламентпен қабылданған болатын.
«Хаттамамен келісімнің 2 бабына өзгеріс енгізіледі, ол бойынша Үкімет жалпы тарифті, қаржыландыру ауқымын, стансаның жүзеге асырылу мерзімін анықтайтын болады. Корея Республикасы бұл хаттамаға қол қойған. Құжатты қабылдау Балқаш стансасын салу құрылысын бастауға мүмкіндік береді», - дейді Ә. Исекешев.
Сондай-ақ, Келісімде қолданылатын терминдерді электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субьектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша сәйкестендіру үшін де өзгерістер енгізіледі.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.