Мәжіліс Балқаш ЖЭС-ін салуға арналған Қазақстан мен Корея арасындағы келісімді мақұлдады

None
АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр стансысын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Еске салсақ, аталған келісімге 2011 жылдың 25 тамызында Астанада қол қойылған болатын. Келісімнің мақсаты «Балқаш жылу электр стансысы» жобасын табысты іске асыру мақсатында Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Бұл ретте Жобаны іске асыруды электр қуатын тәуелсіз өндіруші болып табылатын «Балқаш жылу электр стансысы» акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Ал жобалық компаниялар құрамында қазақстандық тараптан «Самұрық-Энерго» АҚ, корей тарапынан «Корея Электрик Пауэр Корпорейшн» мен «Самсунг Корпорейшн» кіріп отыр. Жобалық компаниялар Қазақстан заңнамасына сәйкес жеңілдіктер алуға құқығы бар.

Жоба Қазақстан заңнамасына сәйкес, қазіргі заманғы жобалық шешімдер мен ноу-хауларды, коммерциялық жағынан қонымды қазіргі заманғы технологиялар негізінде нысанның бүкіл қолданыс кезеңінде экологиялық талаптарды сақтай отырып, жүзеге асырылуға тиіс.