Мәжіліс балық шаруашылығы жөніндегі жоба бойынша келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдады

АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне балық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат тарапынан енгізілген өзгерістерді талқылады. Нәтижесінде қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат Елбасының жолдауларын және Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын іске асырудың жалпыұлттық жоспарына сәйкес әзірленген. Жобаның негізгі мақсаты балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғауды, олардың өсімін молайтуды және ұтымды пайдалануды құқықтық жағынан қамтамасыз ету болып отыр. Осы ретте, құжатта балық шаруашылығының қарқынды және жан-жақты дамуын қамту мақсатында, сондай-ақ балықты жасанды түрде өсірудің нормаларын реттеу мен балықтардың қырылуына қарсы шаралар көзделеді. Бұнымен қоса құжатта ең бастысы, табиғи ортадан алынған бекіре тұқымдас балықтарды сатып алуға және олардың уылдырығын қайта өңдеу және сатуға мемлекеттік монополия енгізу қарастырылған болатын. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес, Каспий қорықтық аймағының экожүйесін және биологиялық алуан түрлілігін сақтау қажеттілігіне байланысты жүзеге асырылады.

Жобаны талқылау барысында сенаторлар жануарлар дүниесі нысандарын алып қоюға арналған квотаны бөлу тәртібін Үкіметтің құзіретіне беру туралы түзету енгізген болатын. Бұдан басқа, Сенат ұсынған өзгерістер бойынша балықтың бекіре тұқымдас түрлерін аулаудың бүкіл үдерісіне, уылдырығын, сондай-ақ басқа да өнімдерін өңдеу мен өткізуге мемлекеттің айрықша монополиясын белгілеу қарастырылады.

Мәжіліс депутаттары бірқатар түзетулер бойынша өз ұстанымдарын қорғап шығу үшін келісім комиссиясын құрып, оның құрамына мүшелерді сайлады.