Мәжіліс банк саласындағы ахуалды жақсартуға бағытталған құжатты мақұлдады

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қайта құрылымдауды жүзеге асырған екінші деңгейдегі банктерді одан әрі дамыту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасы қаржы секторын шоғырландыру, оларға қатысты қайта құрылымдауды жүзеге асырған банктерге мемлекеттің қатысуын оңтайландыру мақсатында әзірленген. Осыған орай, екінші деңгейлі банктерді одан әрі дамыту мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру көзделіп отыр. Түзетулер негізінен акционерлік қоғамдар және бағалы қағаздар нарығына қатысты болып табылады. Ол тікелей қаржы секторын шоғырландыруға, сондай-ақ, қайта құрылымдау жүзеге асырылған банктерге мемлекеттің қатысуын оңтайландыру, сондай-ақ, қосымша ілеспе шығыстарды қысқарту қажеттілігіне негізделген. Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысына сай, заң жобасын іске асыру банк саласындағы экономикалық ахуалды жақсартуға ықпал етеді әрі құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс салдары болмайды. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді.