«Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған келісімге 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған болатын. Заң жобасы бойынша баяндаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, келісімнің мақсаты Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін баға белгілеу мен тарифтік саясатты қоса алғанда газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидаттарын белгілеу болып табылады. Осындай шараны қамту кезінде тараптар бірқатар негізгі қағидаларға сүйенетін болады. «Атап айтсақ, өзара саудада кедендік әкелу және әкету баждарын тараптардың қолданбауы қарастырылады. Бірінші кезекте БЭК қатысушы мемлекеттердің ішкі газға қажеттіліктерін қамтамасыз ету көзделеді. Соның ішінде, тараптар мемлекеттерінің ішкі қажеттілігін қанағаттандыру үшін газ тасымалдау тарифтері тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленетін болады. Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің газға нормалары мен стандарттары біріздендіріліп, экологиялық қауіпсіздік ұдайы назарда болады», - деді министр.
Бұл ретте Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы барлық мемлекеттердің аумақтарында газға нарықтық (тең кірісті) бағаға 2015 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының аумағында газ сатудың бағасын Ресей Федерациясының аумағындағы газ бағасымен салыстырмалы деңгейге дейін кезең-кезеңімен көтеруді қамтамасыз етеді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.