Мәжіліс Бірыңғай экономикалық кеңістікте мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыруға бағытталған жобаны мақұлдады

АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Аталған келісімге 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған болатын. «Келісімнің мақсаты Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыруға бағытталған негізгі қағидаттарын айқындау, сондай-ақ осы нарықтағы бәсекелестікті дамыту болып табылады. Үшжақты келісімнің ережелері бірқатар мүмкіндіктерді қамтып отыр. Атап айтқанда, тараптардың өзара саудасында сандық шектеулерді және кедендік әкету баждарын қолданбауға, Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдеріне деген қажеттіліктерін басымдықпен қанағаттандыруға мүмкіндіктер ашылады. Бұдан бөлек, мұнай өнімдерін тасымалдауға тарифтер тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленеді. Мемлекеттердің шаруашылық жүргізу субъектілері үшін мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған тарифтер тең деңгейде болады. Бұдан бөлек, тараптар келісім шарттарына сәйкес, бірқатар шаралар кешенін жүзеге асыратын болады», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, келісімге сәйкес тараптардың құзыретті органдары әрбір ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін мұнайды және мұнай өнімдерін өндірудің, тұтынудың, жеткізудің, импорттау мен экспорттаудың келесі жылына арналған индикативтік теңгерімдерін келіседі. БЭК қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдеріне арналған нормаларын немесе стандарттарын біріздендіру шарасы қамтылады.

«Тұтастай алғанда келісім БЭК-тің мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді С. Мыңбаев. Заң жобасына сәйкес, тараптар бірқатар негізгі қағидаттарды басшылыққа алатын болады. Атап айтқанда, тараптардың өзара саудада сандық шектеулерді және әкелінетін кедендік баждарды қолданбауы, экологиялық қауіпсіздіктерді қамтамасыз етуі, мұнай мен оның өнімдерінің ортақ нарығын ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруы қарастырылады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.