Мәжіліс бизнесті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жобаны мақұлдады

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес пен жекеменшікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын қабылдаудағы басты мақсат азаматтар мен ұйымдардың меншік құқықтарын заңсыз тартып алудан қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. «Сонымен бірге, заң жобасы бойынша Қылмыстық кодекске рейдерлік әрекетіне қатысты жауапкершілік енгізу көзделеді. Ұсынылып отырған өзгертулер рейдерлерді рейдерлік тартып алудың бастапқы кезеңінде-ақ жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, құжатпен корпоративтік дау-дамай секілді ұғым аясы кеңи түседі. «Банкроттық туралы» заңға сот өтпей тұрып кепілде тұрған мүлікті сатуға тиым салатын сыртқы бақылау үдерістерін енгізу көзделеді», деді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин.

Оның айтуынша, қолданыстағы қазақстандық заңнамаға сәйкес, рейдерлік әрекеттер алаяқтық, бопсалау, жалған құжат жасау секілді жалпы қылмыстар аясында қаралып, сол төңіректе үкім шығарылып келген. Сонымен бірге, келтірілген мәліметтерге қарағанда, соңғы үш жылда заңды кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтіру және бөгет жасау бойынша 247 қылмыстық іс қозғалып, оның 7-еуінде тергеу барысында басқаның мүлкін рейдерлік әдіспен тартып алу көріністері байқалған.