16:45, 22 Мамыр 2009
Мәжіліс Бюросы алдағы Палатаның отырысында өлім жазасына қатысты заң жобасын талқыға салуды ұсынды
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат/Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы Палата Бюросының отырысы өтті.
Палатаның салалық комитеттерінің ұсыныстары бойынша талқыға шығарылатын заң жобалары айқындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Атап айтқанда, кейбір заңдарға өлім жазасына қатысты түзетулер енгізу мақсатын ұстанған заң жобасы екінші оқылымда Палатаның талқысына шығарылатыны мәлім болды.Бюро отырысында еліміздің Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді көздейтін және «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң жобалары бірінші оқылымда талқыға салуға дайын екендігі мәлім болды. Сонымен қатар бірқатар заңдарға атқарушылық іс жүргізуге қатысты түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасы бірінші оқылымда қарауға дайын.Келесі кезекте «Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы және соған сәйкес заңдарға енгізілетін түзетулер бірінші оқылымда талқыға салынатын болды.Сол секілді «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» және соған сәйкес бірнеше заңдарға енгізілетін түзетулер де екінші оқылымда талқылау жөніндегі мәселе күн тәртібіне енгізіледі.Бюрода Палатаның жалпы отырысының күн тәртібі жобасына еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымда қарау жөнінде ұсыныс қолдау тапты.