Мәжіліс бюросы алдағы жалпы отырыстың күн тәртібін нақтылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен Палата бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Халық қалаулылары назарына зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты толықтырулар мен «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасын ілеспелі түзетулермен бірінші оқылымда қарау ұсынылып отыр. Сондай-ақ, алдағы жалпы отырыста мәжілісмендер бірқатар халықаралық ратификациялық құжаттарды қарастырады. Атап айтқанда, Қазақстанның Литвамен, Ресеймен реадмиссия туралы үкіметаралық келісімі және Ресеймен реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын, сонымен қатар, Қазақстан мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялауға құжаттары талқыланады.

Бұдан бөлек, депутаттар Иран Ислам Республикасымен жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы үкіметаралық келісімді, Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенцияны, 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін айқындайды. Сонымен бірге, екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша түзетулері жұмысқа қабылданады деп күтілуде. Сондай-ақ жалпы отырыстың күн тәртібінде ілеспелі түзетулермен қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы заң жобалары бойынша жұмысты жалғастыру қаралған.