Мәжіліс Бюросы Палата отырысының күн тәртібіне шығарылатын мәселелерді айқындады

АСТАНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда депутаттардың талқысына шығару қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палата Бюросының отырысында осындай шешім шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салалық комитеттердің ұсыныстары бойынша алдағы аптада өтетін Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне бірнеше заң жобалары шығарылатын болды. Атап айтқанда, еліміздің  кейбір  заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді оңайлату мәселелеріне қатысты, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Азия Даму Банкіне мүше елдерді қолдаудың дағдарысқа қарсы бағдарламасы шеңберіндегі қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бар.

Күн тәртібіне «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі мәселе де енгізіледі.

Бюро отырысында Парламент  Мәжілісі депутаттарының халықаралық форумдарға қатысуы туралы, Палатаның заң шығару қызметіне қатысты және басқа да мәселелер қаралды.