Мәжіліс Бюросы жалпы отырыстың күн тәртібін қалыптастырды

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палата Бюросының отырысы өтті.

Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды. Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті палатаның талқысына шығаруға бірнеше заң жобасының дайын екендігін мәлімдеді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»,«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен  толықтыру енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымда талқыға шығарылатын болды.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің ұсынуымен «Магистральдық құбыр туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне магистральдық құбыр мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобалары екінші оқылымда палатаның талқысына шығарылады.

Үкіметтен келіп түскен «Еуразиялық  экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің капитал қозғалысына байланысты операцияларды реттеу және бақылау жөніндегі валюталық саясаттың негізін құрайтын қағидаттар туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір  заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралды.