Мәжіліс Бюросында құқық қорғау мәселелеріне қатысты заң жобаларының бірінші оқылымға дайын екендігі анықталды

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палата Бюросының отырысында құқық қорғауға қатысты заң жобаларының талқыға шығаруға дайын екендігі мәлім болды.

Алдағы аптада өтетін Мәжілістің жалпы отырысында көптеген заң жобалары талқыға түскелі тұр.Атап айтқанда, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті құқық қорғауға қатысты бір топ заң жобаларын депутаттардың талқысына ұсынып отыр. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әр түрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық құжаттарды орындау, республикалық меншікке айналған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда қаралады.

Сонымен қатар «Құқық қорғау қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметі және сыныптық шен, әскери және арнаулы атақтар беру, әскери қызметшiлердiң және өзге де мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң нысанды киiм киiп жүру құқығы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне прокуратура органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес пен жеке меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының топтамасы да бірінші оқылымда талқылауға шығарылғалы тұр.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы», «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Сот приставтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер енгiзу туралы» заң жобалары Палатаның жалпы отырысының қарауына ұсынылып отыр.

Аталған комитет сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқыға салуға әзірледі.

Ал Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Шанхай ынтымақтастық ұйымының лаңкестікке қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қарау жөнінде ұсыныс жасады.