Мәжіліс Бюросында Палата отырысының күн тәртібі анықталды

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті.

Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Медиация туралы» және соған сәйкес заңдарға түзету енгізуді көздейтін заң жобаларын бірінші оқылымда қарауды ұсынды.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бір топ заң жобаларын жалпы отырысқа шығарады. Атап айтқанда, «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Жетінші қосымша хаттаманы ратификациялау туралы», «Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартты ратификациялау туралы», «Асбестті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы конвенцияны (162-конвенция) ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары күн тәртібіне енгізіледі.

Аграрлық мәселелер комитеті шаруа (фермер) қожалықтарының қызметіне қатысты заң жобасын екінші оқылымға дайындағанын мәлім етті.

Сондай-ақ «Мүдделік қолдау қызметі туралы» және соған сәйкес заңдарға түзету енгізуді қарастыратын заң жобаларымен жұмысты жалғастыру мәселесі қаралды.

Бюро отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобалары жөнінде мәлімет жасалды.