Мәжіліс Бюросында заң жобалары мен парламентшілердің халықаралық форумдарға қатысуы туралы мәселе қаралды

АСТАНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бюро отырысында Палатаның салалық комитеттерінің ұсынысымен Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібі жобасына шығарылатын заң жобалары сараланды. Атап айтқанда, «Босқындар туралы» және соған сәйкес кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобалары бірінші оқылымға шығаруға дайын. Сонымен қатар заңдарға қазақстандық қамту, мемлекеттік материалдық резерв мәселелері бойынша түзету енгізілетін жобалар да депутаттар талқысына ұсынылатын болды.

Сол секілді «Тәуелсіз  Мемлекеттер  Достастығына  қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Бюро мүшелері бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Бюросының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысымен бекітілген, 2009 жылғы республикалық бюджет қаражаты есебінен орындалатын, Мәжіліс депутаттары бастамашы болған,  әзірлеуге және тәуелсіз ғылыми сараптама жүргізуге жататын заң жобаларының, сондай-ақ  мониторинг және әлеуметтік зерттеулер объектілерінің тізбесіне толықтыру енгізу туралы мәселені  қарады. Бұл жөнінде Мәжілістің жалпы отырысында осы Палата Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов баяндайтын болды.

Бюро отырысында парламентшілердің халықаралық форумдарға қатысуы туралы мәселе қаралды. Оның ішінде 21 қарашада Санкт-Петербург қаласында өтетін «Единая Россия» партиясы ХII-cъезінің жұмысына қатысу туралы, сондай-ақ 14-15 қарашада Мәскеу қаласында болатын Студенттік отрядтар қозғалысына 50 жыл толуына арналған Студенттер отрядтарының бүкілресейлік слетінің жұмысына қатысу туралы мәселе қаралды.

Отырыста Палатаның заң шығару қызметіне қатысты және басқа да мәселелер қаралды.