Мәжіліс Бюросында заң жобаларының дайындығы туралы мәселе қаралды

АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттардың талқысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда ұсынылатын болды.

Сонымен қатар Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенаты арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары туралы мәлімет берді.

Бюро отырысында депутаттық корпустың заң шығарушылық қызметіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.