Мәжіліс Бюросының кезекті отырысы өтті

ТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті.

Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды.

Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы»заң жобасы депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасын күн тәртібіне енгізуге дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ жалпы отырыста Үкіметтен Мәжіліске келіп түскен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты әскери мүлікті және персоналды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуді қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» жаңа заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралатын болды.

Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.