Мәжіліс Бюросының отырысында заң жобаларының дайындығы қаралды

АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті.

Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.

Аграрлық мәселелер комитетідепутаттардың талқысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа (фермер) қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салуды ұсынып отыр.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұсынысы бойынша «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының екінші оқылымда талқыға шығарылатыны мәлім болды.

Сонымен бірге Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтен келіп түскен бірқатар жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттары анықталатын болады. Оның ішінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартты ратификациялау туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бар.

Сол секілді Бюро отырысында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің Шығыс Қазақстан облысында көшпелі отырысын (2010 жылғы 18-19 қараша) өткізу туралы мәселе қаралды.