Мәжіліс денсаулық сақтау мәселелеріне арналған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат -  Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Енді заң жобасы Сенаттың қарауына жолданады.

Аталған заң жобасына Парламенттің бір топ депутаттары, атап айтқанда Г. Исімбаева, Г. Сейітмағанбетова, С. Жалмағанбетова, Қ. Идрисовтар бастамашылық жасаған болатын.

Заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте заң жобасымен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» және «мемлекеттік сатып алу туралы» заңына түзетулер енгізу қарастырылған.

Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан 17 ескерту жасалып, құжаттың сапасын жақсартатын осы түзетудің 7-еуі бойынша келісілген шешім қабылданды.