Мәжіліс денсаулық сақтау саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруге бағытталған құжатты мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттарымен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Тоқтала кететін жайт, қолданыстағы аталған кодекс 2009 жылы қабылданған болатын. Бұл құжат халық денсаулығын сақтаудың барлық қырларын қамтиды. Алайда қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында жаңа тәсілдер айқындалып, қоғамдық қатынастарды дамытудың жаңа деңгейі белгіленіп отыр. Соған орай, заңнамалық базаны жетілдіру қажеттілігі туындаған.

Бұл ретте заң жобасының негізгі мақсаты қолданыстағы заңнамалық олқылықтарды жою, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру, сонымен бірге толымды медициналық қызмет көрсетуге азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады.Осыған орай, құжатта бірқатар маңызды мәселелер қамтылып отыр. Сонымен ішінде адамның ұлпаларын, тіндері мен ағзасы мүшелерін ерікті және ақысыз беруді қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.

Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек айналымы саласындағы фармацевтикалық инспекторат, Қазақстанға биологиялық белсенді қоспаларды, фармакологиялық заттарды, биологиялық материалдарды әкелу үдерістерін реттеу, тіндер мен ағза мүшелерінің трансплантологиясына қатысты заң нормалары жетілдіріледі.