Кездесуге «Көкшетау-Транс-Газ», «Көкшетау автобус паркі», «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Степногорск подшипник зауыты» ЕПК», «Қазақалтын» ТКМК» акционерлік қоғамдарының басшылары , сондай-ақ өңірдегі өзге де өндіріс ошақтары мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Жүздесу барысында «Степногорск подшипник зауыты» ЕПК» акционерлік қоғамының бас директоры Анатолий Томилов зауыт пайдаланып отырған электр қуаты ақысының қымбаттығын тілге тиек етті. Ол осының салдарынан зауыт қажетті электр энергиясын тұтынуда бірқатар қиындықтар көріп отырғанын айтып, жергілікті монополистердің жұмысына ренішін білдірді.
Ал, «Көкшетау-Транс-Газ» серіктестігінің басшысы Батыр Әшіровтің айтуынша, облыс орталығында 2012 жылдан бері жұмыс істейтін кәсіпорын өтпелі кезеңде қираған газ шаруашылықтарын қайта қалпына келтіруде. Серіктестіктің құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысуына тиісті құжаттары бар. Осы күні облыс орталығында барлығы 47 газ тарату қондырғысы іске қосылып, 58-і қалпына келтірілді. Осылайша, 109 көпқабатты тұрғын үйдегі 6 мыңнан астам пәтер газбен қамтамасыз етілді. Алайда, мәселелер де жоқ емес. Жеткізіп берушілер тарапынан қажетті газ көлемі толық қамтамасыз етілмей отыр. Оған бәсекелес компаниялардың көбеюі себеп болуда.
Бұл мәселені шешуге облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы да түрлі себептермен құлықсыз болып отырған жайы бар. Кездесу барысында бұдан өзге мәселер де көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Кездесуді қорытындылаған Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова барлық сауалдар ескерілгенін және олар Парламенттің алдағы отырыстарында қаралатынын айтты. Халық қалаулысы бизнесмендердің проблемаларын шешуге көмектесуге уәде етті.