деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутат Мұрын жырау туралы деректі фильм түсіру, оның өмірі мен өнері жолдары ізімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында экспедиция ұйымдастыру, «Қырымның қырық батыры» жырларының түпнұсқасының көшірмесін алып, оны басқа тілдерге аударып қағаз және электрондық варианттарда басып шығару және басқа жұмыстар жүргізілуі жөнінде ұсыныс жасады.
Табиғатынан шексіз есте сақтау қабілетіне ие болған талантты жыршы 18 жасынан бастап «Қырымның қырық батырын» ұзақ жылдар жырлаған, жырлай жүріп Бұқара мен Хиуаның, Амудария мен Сырдарияның арасын мекендеген, сондай-ақ Каспий теңізінің оңтүстігі мен Қара теңіз төңірегіндегі халықтардың арасында жүріп, халқымыздың бай мұрасын елге жеткізді, ұрпақты елін, жерін сүюге үндеді.
«Алайда, телегей мол қазынаны сан жылдар сақтап, жүйелі орындап, келешек ұрпаққа табыс еткен Мұрын жырау елімізде өзіне лайықты орнын әлі алған жоқ. Оның өмірі мен жыршылық қызметі, ол жеткізген қымбатты қазыналар терең ғылыми зерттеулерді және оның қорытындылары жан-жақты жариялануды қажет етеді. Сонымен қатар Мұрын жырау атамыздың 150 жылдығына орай бүкіл түркі тілдес халықтардың ғалымдары мен зерттеушілерін шақыра отырып, ғылыми-тәжірибелік конференция Әдебиет институтының ықпалымен өткізілсе дұрыс болар еді. Ал алдағы уақытта жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мұрын жыраудың туындыларын үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатысындағы мекемелердің, тиісті оқу ордаларының оқу бағдарламаларына енгізу мәселесін қарастыру керек деп ойлаймыз. Халқымыздың белгілі тұлғасы - Мұрын жыраудың 150 жылдық мерей тойын республикалық деңгейде атап өтуді, оның еңбектерін ел арасында кеңінен насихаттауды және ғылыми тұрғыда зерделену үшін тиісті шаралар алуды сұраймыз»- деді депутат Г.Сейітмағанбетова.
Әріптесінің ұсынысын қолдап он бес депутат қол қойды.