Мәжіліс депутаттары Ақмола облысының бірнеше ауданының тұрғындарымен жүздесті

АСТАНА. Желтоқсанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаттары Бекен Әлімжанов, Аманжол Жазин және Жексенбай Дүйсебаев Ақмола облысының бірнеше аудандарында болып, тұрғындармен жүздесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Атбасар, Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарының еңбек ұжымдарымен және тұрғындарымен болған кездесулерде депутаттар елдің қазіргі жағдайы туралы, қаржы дағдарысынан шығу үшін жасалған іс-шаралар жөнінде әңгімелеп берді. «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңның басты бағыттары мен «Жол картасы» бағдарламасының алдағы жылы да жалғасын табытыны жайлы түсінік берді.

Тұрғындар биыл жиналған бидайдың бағасы мен оны өткізудің тәртібі туралы сұрады. Сайлаушылар автокөлік жолдарын жөндеу, жеке адамдардың малдарын жаюға арналған жайылым көлемін ұлғайту, телефон байланысын жақсарту мәселелерін көтерді.

Депутаттар Атбасар ауданының Новоалександров ауылдық округінде болғанда, «Бастау» ЖШС-нің қой шаруашылығы мен ірі қара ұстайтын кешенінің жұмысымен танысты. Депутаттар ауылдық жерлерде қазіргі талаптарға жауап беретін, елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін де шешуге ықпал етіп отырған мал шаруашылығын дамыту орталықтары қалыптаса бастағанына көз жеткізді.