«Білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруі тиіс». Бұл Елбасының тапсырмасы. Мәселен, 1-шілдеден бастап мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Бүгінгі жиын барысында, болашақ дәрігерлер мен оқытушыларға бұл жүйенің тиімділігі түсіндірілді. Парламент Мәжілісінің депутаты, төменгі палатадағы экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский медицина университетіне көбірек грант бөлу керектігін атап өтті. Өйткені, қазір мұнда оқып жатқан 5000 студенттің 4 мыңға жуығы өзге өңірлерден. 100-ден астам шетел студенті де бар. Олар Иран, Пәкістан, Үндістаннан келіп оқып жатыр.
«Ақтөбеде анестезиолог тапшы. Мұны біз ауруханаларды аралап жүргенде аңғардық. Жыл сайын мыңдаған студент оқу бітіріп шағады. Алайда, туған жерлеріне оралады. Сондықтан, Ақтөбе облысында дәрігер тапшылығын шешу үшін мемлекеттік грантты көбейту керек деп ойлаймын»,- деді депутат Щегельский.
Ал Мәжіліс депутаты Артур Платонов Ақтөбе өңіріне алғаш рет келіп отыр. Ол Елбасының халыққа Жолдауын түсіндіре келіп, студенттерге ең күрделі әрі жауапты мамандықтың маңыздылығын атап өтті.
«Дәрігер ең мықты мамандық. Адам жанының арашасы. Өйткені, ауырған адам дәрігерге сенім артып, көмек сұрайды. Қазіргі күні сіздердің білім алып, кәсіби дәрігер болуларыңыз үшін барлық жағдай бар. 90-жылдары елімізде шприц тапшы болатын. Қазір сіздердің жан-жақты білім алуыңызға мүмкіндік зор»,- деді Платонов.
Кездесуде Елбасының дәрі-дәрмек бағасын реттеу, медициналық көмек көрсету сапасын арттырып, халық денсаулығын нығайту тапсырмасы туралы айтылды. Болашақ дәрігерлердің ішкі тәртібі мен оқуына деген жауапкершілігі де сөз болды.