Мәжіліс депутаттары Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті халықпен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ұласбек Сәдібеков пен Қожахан Жабағиев Оңтүстік Қазақстан облысының Арыста болды.

Олар қаладағы «Арыс» вагон жөндеу депосының жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті.

Жүздесу барысында мәжілісмендер Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы бойынша түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттары жұмысшыларға Президент Жолдауының негізгі ережелері жайында баяндап, барлық қазақстандықтардың басты міндеті - Мемлекет басшысының тарихи тапсырмаларын кең көлемде насихаттауға белсене атсалысу екендігін айтты.

Теміржол мамандары Елбасының стратегиялық басым бағыттарындағы инновациялық индустрияландыру мәселесіне айрықша назар аударды. Сонымен қатар, кездесу кезінде сөз алған ұжым белсенділері Мемлекет басшысының бастамаларын үлкен ықыласпен қолдайтындықтарын жеткізіп жатты.

Содан соң, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Арыс қаласында «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Қала тұрғындарының түрлі тақырыптағы арыз-шағымдарына партия атынан қандай да бір көмек көрсету, мәселелердің шешілуіне мүмкіндігінше ықпал ету мақсатында Мәжіліс депутаты барлық азаматтарды зейін қойып тыңдап, әрбір сұрақты жете талқылады.

Қабылдау соңында Ұ.Сәдібеков «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауының жүйесі бәрінен бұрын Қазақстан Президентінің әлеуметтік мәселелер бойынша қойған міндеттерін орындауға мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

Сонымен қатар бұл күні Мәжіліс депутаты Гүлмира Исинбаева Алматы қаласының Алатау ауданында кездесулер өткізді.

Бірінші кездесу Алатау ауданы Ақкент ықшамауданындағы №181-ші жалпы білім беретін мектепте өтті. Жиынға мектептің ұстаздары мен оқушылары,ата-аналар және де «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымының мүшелері қатысты. Кездесу барысында Мәжіліс депутатына мектеп оқушылары «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша сауалдар қойды.

Екінші кездесу Алатау ауданы Алғабас ықшамауданында болды. Жиынға мектептің ұстаздары, «Жас Отан» ЖҚ мүшелері, шағын және орта бизнес өкілдері, аудан тұрғындары, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік қызметкерлер және де «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымының мүшелері қатысты.

Кездесу барысында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы партия доктринасының негізгі қағидалары тұрғысынан талқыланды. Кездесуде орын алған өткір және мүдделі диалогта ел дамуының негізгі бағытының өзектілігі тілге тиек етілді, қатысушылар жас мемлекетіміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени тыныс-тіршілігіне байланысты мәселелерді қозғады.