Мәжіліс депутаттары барлық саяси партияларды адал және ашық күреске, жаңа сайлауға үндейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары барлық саяси партияларды адал және ашық күреске, жаңа сайлауға үндейді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат дептуаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеуі мәтінін жария еткен депутат Нұрлан Әбдіров осылай деді.

«Қазіргі тарихи сәттің барша жауапкершілігін, мақсаттар мен міндеттерінің ортақтылығын ескере отырып, бұл үндеуді Парламенттегі үш партияның депутаттары қабылдайды. Біз парламенттік аламанға қатысуға және мемлекеттік стратегия мен саясатты жүзеге асыру жауапкершілігінің бір бөлігін өзіне алуға дайын екендіктерін сан рет мәлім еткен барлық саяси партияларды адал және ашық күреске, жаңа сайлауға үндейміз.
Сонымен қатар, біз еліміздің барлық қоғамдық бірлестіктері мен үкіметтік емес ұйымдарын, барша азаматтарды бастамамызды қолдауға шақырамыз. Біз ел дамуының жаңа және жауапты кезеңіне аяқ бастық және онда бірлігіміз бен тұтастығымызды нығайта түсу арқылы өз жетістіктерімізді қорғап, Отанымызды дамудың жаңа белестеріне шығара аламыз. Біздің Қазақстанымыз - біздің ортақ үйіміз. Біздің отанымыз - бір, тағдырымыз - бір», - делінген Н.Әбдіров жария еткен үндеуде.