ОРАЛ. 4 шілде. ҚазАқпарат - 4 шілде күні Мәжіліс депутаттары Шавхат Өтемісов, Виктор Киянский, Самиғолла Оразов БҚО төтенше жағдайлар департаментінде болып, «Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасын талқыға салды.
Департамент басшысы Қадыр Бисембаев аталмыш заңның маңыздылығын атап көрсетті. Ол төтенше жағдайлар қызметіне қатысты бұрынғы алты заңды біріктіретін үлкен заң болғалы тұр.
Аталған заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Шавхат Өтемісов бірінші оқылымда қабылданған заң жобасының әзірлену барысы жөнінде әңгімелеп берді. Төтенше жағдай қызметкерлерінің қандай оқиғаға да дайын болуы керектігін, олардың өз қызметін абыроймен атқарып отырғандығын атап өткен Виктор Киянский жаңа заң жобасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұрын Орал қаласының әкімі болған Самиғолла Оразов жиында көтерілген облыс орталығындағы бірқатар коммуналдық мәселелермен таныс екендігін білдірді.
Сала қызметкерлері мен депутаттар басқа да өзекті жайттар төңірегінде пікір алмасты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).