20:28, 21 Сәуір 2009
Мәжіліс депутаттары бірнеше заң жобаларын талқыға салады
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат - Ертең, сәуірдің 22-сі күні, Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Күн тәртібі жобасына 20-ға жуық мәселе енгізіліп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Палата отырысында Мәжіліс депутаттары Үкіметтен келіп түскен заң жобаларына салалық комитеттерінің қорытынды шығаруы жөніндегі мәселені де қарайды.Жалпы отырыста «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда депутаттардың талқысына салынады. Бұл жобаның мақсаты жөнінде Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев баяндама жасауы көзделіп отыр. Ал Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Ерболат Әпсалямов қосымша баяндама жасамақ. Сонымен қатар осы күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да талқыланады. «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Владимир Нехорошев екінші оқылымға дайындау барысындағы түзетулер жайында мағлұмат береді. Осы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Әділет министрінің орынбасары Марат Бекетаев баяндама жасайтыны қарастырылған. Аталған заң жобасына және соған сәйкес бірқатар заңдарға енгізілген түзетулер мен ұсыныстар жайында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері Светлана Бычкова мен Людмила Хочиева баяндап береді.Ертең Мәжіліс залында сенатор Рашит Ахметов пен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдардың құқықтық жағдайы бойынша толықтырулар енгізу туралы баяндама жасайды.