Мәжіліс депутаттары бұқаралық шаралар өткізетін орындарға алкоголь өнімдерін әкелуге тыйым салуды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұқаралық шаралар өткізетін орындарға алкоголь өнімдерін, сонымен бірге, металл және шыны құтыдағы өнімдерді әкелуге тыйым салынады.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында мәлім болды.

Еске салайық, құжат спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шараларын ұйымдастыруға, өткізуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталады. Бұл ретте шараларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құратын болады. Олар шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Жеке тұлғалардың мәдениет, дене шынықтыру, спорт саласындағы құқықтары мен міндеттері айқындалып, олардың шараларға баруы кезіндегі тыйым салулары мен шектеулері кеңейтіледі. Осыған байланысты жеке тұлғаларға аталған шаралардағы мінез-құлықтың қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі.

«Құжатты екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар түсті. Атап айтқанда, бұқаралық шаралар өткізетін орындарға алкоголь өнімдерін, сонымен бірге, металл және шыны құтыдағы өнімдерді әкелуге тыйым салу ұсынылды», - деді депутат Мұхтар Тінікеев. Оның айтуынша, депутаттар тарапынан сценалар мен ареналарға адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген затты лақтыруға заңмен тыйым салу ұсынылған. Бұл ретте халық қалаулылары «бұқаралық немесе спорттық-тамашалау шаралары өткізуге арналған орын» деген ұғымға ипподромдар мен цирктерді де жатқызып отыр.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.