Мәжіліс депутаттары елімізде сурдолоогиялық көмек көрсетуді жетілдіру мәселесін талқылады

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің ұйымдастырумен «Қазақстан Республикасындағы сурдологиялық көмекті дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған аталмыш кеңестің төрайымы Айткүл Самақованың айтуынша, сурдология - таршеңберлі сала. Дегенмен ол біздің елімізде өзекті мәселелердің бірі болып отыр. «Осыған орай бүгін біз сурдологияға қатысты проблемаларды шешу үшін заң тұрғысында қандай шаралар атқарылуы керек деген мәселенің басын ашып алуымыз қажет. Әрине, оны 100 пайызға шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен біз оған қатысты жағдайды оңалтуға депутат ретінде, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде ықпал етуіміз керек. Осы себеппен біз бүгін сурдология мәселесіне қатысы бар деген салалардың барлығының мамандарын шақыртып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдағалы отырмыз», - деді депутат.Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік кеңес өкілдері дөңгелек үстел отырысын өткізерден бұрын құзырлы органдардан сурдологияға қатысты мәселе бойынша арнайы мәліметтер алған. Ол деректерге қарағанда, елімізде балаларды қоса алғанда 1,2 миллион адам құлақ естімеуі салдарынан түрлі аурулардың зардабын тартып жүр. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 2020-шы жылы есту қабілеті бұзылған адамдар саны әлемде 30 пайызға өсетін болады. Бұл өте үлкен көрсеткіш және ол Қазақстанға ғана қатысты мәселе емес. Ал елімізге келетін болсақ, бізге бірінші кезекте қазір осы аурудың барынша зардабын шегіп жүрген балалармен жұмыс істеуіміз қажет. Өйткені емдеуді тек ерте бастан қолға алып, дер кезінде дәрігерлік көмек көрсеткен жағдайда ғана дерттің алдын алуға болады. Олай болмаған жағдайда аурудың соңы мүгедектікке алып баруы мүмкін», - деді кеңес төрайымы. Мәжіліс барысында отырысқа қатысушылар осы мәселе бойынша өзара пікір алмасты.