Мәжіліс депутаттары Қызылорда тұрғындарын толғандырған сауалдарға жауап берді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттардың қабылдауына 80-ге жуық қызылордалық азамат түрлі өтініш-тілекпен келді. Оның ішінде құқықтық, кәсіпкерлік, өңірдегі қуаңшылық, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік көмек алу, жерге қатысты мәселелері бар.

Депутаттар олардың әрқайсысын жіті назарға алды.

Қызылорда қаласының тұратын көпбалалы ана Назерке Кадирова денсаулық, әлеуметтік, балалардың білім мәселесіне қатысты шешілмей жүрген проблемалық мәселелерді де алға тартты.

Ал сырдариялық Қайрат Жалғасов депутаттарға жайылымдық жер, Сырдария өзеніндегі су деңгейі жайында ой қозғады.

Бүгінде Қызылорда қаласында 2005-2006 жылдары жер кезегіне тұрған азаматтарға жер телімі берілуде.

Дегенмен, тұрғындар арасында өзіне берілген жер телімінің қолайсыз жерде орналасқанын, балабақша, мектептен алыс екенін айтып, шағымданып жүргендер бар.

«Өңірге сапар барысында жергілікті тұрғындармен бірнеше кездесу өткізілді. Оларды қандай қандай мәселелер толғандырып жүргеніне зер салдық. Ауыл және қала тұрғындары өтініштері арасында айырмашылық бар. Ауылдықтарды негізінен іс бастау үшін несие алу, мал жайылымы, аяқ су және субсидия толғандырады.Ал қалалықтар баспана, тұрмыстық сипаттағы мәселелерді шешу төңірегінде шағымданды»,- деді Бақытбек Смағұл.