Мәжіліс депутаттары М. Әшімбаев пен Г. Қарағұсова сайлаушылармен кездесті

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық мұрағат ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мәулен Әшімбаев пен Гүлжан Қарағұсова сайлаушылармен кездесті.

Жүздесу барысында депутаттар бірінші сессияның қорытындылары туралы баяндап, Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелер талқыға түсті.

«Сайлаушылармен кездесу негізгі үш мақсаттан тұрады. Біріншіден, Астана сайлаушыларының алдында заң шығарушы органның жұмысын қорытындылап, бірінше сессияда қандай заңнамалар қабылданғанына тоқтамақшымыз. Осы жайында кеңінен ақпарат береміз. Екіншіден, Астана халқын толғандыратын проблемаларға кеңінен қаныққымыз келеді. Ондай ақпараттар болса біз оны өзіміздің алдағы заң шығармашылығымыздағы жұмыста ескеретін боламыз. Үшіншіден, өткен айда баспасөзде Елбасының үлкен мақаласы жарияланып, онда еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуына, оны жаңа деңгейге көтеруге қатысты мақсаттар қойылды. Соған байланысты, алдағы сессия барысында әлеуметтік бағыттағы біршама заңдарға өзгерістер енгізуді қарастырамыз. Сол үшін елордалықтардың әлеуметтік саясатқа қатысты ұсыныстарын білгіміз келеді», - деді Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, кездесулер барысында астаналықтар әлеуметтік салада нақты-нақты ұсыныстар айтқан. Бұның ішінде балабақша мен мектептердің жетіспеушілігіне қатысты мәселелерді жиі көтерген. Сондай-ақ, депутаттар тарапынан зейнеткерлікке шығу жасына қатысты сұрақтар туындаған. «Біз астаналықтар тарапынан жасалған ескертулер мен ұсыныстарды алдағы жұмысымызда ескеретін боламыз», - деді М. Әшімбаев.