Мәжіліс депутаттары мәртебелі марапаттарға ие болды

АСТАНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/  -Журналистердің төл мерекесі қарсаңында депутаттар да марапатқа ие болды.

  

  

 Бұл жөнінде бүгін Мәжілісте өткен «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасов отырыстың басында марапатқа ие болған әріптестерін құттықтады.

Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер Жарасбай Сүлейменов Қазақстан Журналистер одағының 50 жылдығына орай «Қазақстанның құрметті журналисі» атағымен марапатталғанын хабарлады. Жарасбай Қабдоллаұлы депутат болып сайланғанға дейін ұзақ жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облысында журналистік қызмет атқарған. Облыстық газет пен телеарнаға басшылық жасаған.

Сол секілді депутат Раиса Полищук Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Ыбырай Алтынсарин атындағы медаліне ие болып отыр. «Мен ұзақ жыл ұстаздық қызмет еттім. Менде мұндай медаль жоқ еді. Алтынсарин медалі ұстаз үшін үлкен мәртебе. Мен үшін бұл марапаттың орны бөлек»,-дейді ол.