Мәжіліс депутаттары мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл мөлшерін ұлғайтты

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы»

Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаттары мемлекеттік рәміздерді дайындау және пайдалану кезіндегі бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты түзетулер енгізді.

«Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл мөлшері ұлғайтылды. Мемлекеттік рәміздерді сондай-ақ, олар белгіленген материалдық нысандарды дайындау кезінде ұлттық стандарттарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік қатайтылды. Спорт және дене шынықтыру жөніндегі уәкілетті органның рөлін арттыру мақсатында еліміздің аумағында және шет елдерде спорттық іс-шаралар өткізу барысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету бойынша құзырет бекітілді», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, заң жобасымен екі кодекске және екі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.