Мәжіліс депутаттары нотариат қызметіне заң жобасына бастамашылық жасады

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстанның барлық аумағында жеке нотариустердің нотариаттық іс-әрекеттер жасауы үшін тариф ставкасының бірыңғай мөлшерін белгілеп, заңнамалық тұрғыда бекіту қажет.

Осы мақсатта Мәжіліс депутаттары кейбір заңдарға нотариат мәселелеріне қатысты түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасына бастамашылық жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Нотариаттық тарифтерді қалыптастыру кезінде куәландыратын мәміленің құнына барабар тарифті белгілей отырып, шетелдердегі осы үлгідегі нотариаттың тәжірибесін ескерген жөн. Мұндай әдіс нотариаттық іс-әрекеттер жасауға барған барлық субъектілердің нотариаттық тарифті төлеу кезінде әлеуметтік әділдік принципін сақтауына мүмкіндік береді.Заң жобасында Халықаралық нотариаттық ынтымақтастық бойынша комиссияның ұсыныстары, нотариаттық палаталардың және құқықтанушы ғалымдардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілген.Заң жобасын қабылдау келеңсіз әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп соқпайды және қосымша қаржылық шығыстарды қажет етпейді.