14:39, 10 Сәуір 2009
Мәжіліс депутаттары оңтүстік өңірлерді аралап, тұрғындармен жүздесті
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты Нұрбах Рүстемов, Сауырбай Есжанов, Өстемір Бектөреев,
Розақұл Халмұрадов, Төлебек Қосмамбетовтер Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы наурыздың 6-сында Қазақстан халқына жасаған Жолдауының маңызын түсіндіру мақсатында халықпен кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутаттар Шымкент қаласындағы «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалында тұрғындармен және «Химфарм» АҚ, «Шымкентсыра» АҚ еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Олар Президенттің халыққа Жолдауының мағынасын түсіндіріп, әлемдік қаржы дағдарысынан шығудың жолдарын және бұрынғы жолдаулардай халықтың әл-ауқатын жақсарту, мұқтаж адамдарға мемлекет көмегін арттыру, елді гүлдендіру, жетістіктерді дамыту, тозған дүниені жаңартуды, экономиканы тұрақтандыруды және оны одан әрі жаңғырту мен базалық инфрақұрылымды дамыту мақсаттарын елге мәлімдеді.
Жүздесу барысында жиынға қатысушылар да сөз алып, осындай кездесудің өткеніне өз ризашылықтарын білдіріп, Елбасының басшылығымен атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға үлестерін қосатындықтарын айтып, өз ойларын ортаға салды.