Мәжіліс депутаттары өткен жылдың бюджетін бекітіп, оны Сенаттың қарауына жіберді
12:57, 03 Маусым 2009
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Бүгін Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2008 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша қорытындысын Сенаттың қарауына жіберу қажет деп шешті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста осы құжат бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, өткен жылдың бюджетін жүзеге асыру барысында Үкімет әлемдік экономикада орын алған барлық өзгерістерге жедел ден қойып, ел экономикасының даму тұрақтылығын сақтап қалуға ықпал ететін уақтылы әрі жүйелі шаралар қарастырған. Бюджет оны іске асыру барысында екі рет өзгеріске ұшыраған.«Өткен жылдың макроэкономикалық көрсеткіштері мен негізгі өлшемдерін бірінші нақтылау, өткен жылдың бірінші тоқсанының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен әлемдік қаржы және тауар нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауында көрсеткен міндеттер негізінде жүргізілді. Бюджетті екінші рет нақтылау қаржы нарығындағы тұрақтылықты Ұлттық қордан нысаналы трансферттер тарту, сондай-ақ республикалық бюджет шығыстарын оңтайландыру мәселелері аясында іске асырылды», - деді министр. Оның мәліметтеріне қарағанда, 2008 жылғы бюджеттің кіріс бөлігі 607,5 млрд. теңгеге ұлғайып, 3329,7 млрд. теңгені құраған. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 52,0 млрд. теңгеге қысқарып, 2716,0 млрд. теңге болды. «Өткен жылы жалпы ішкі өнім 2007 жылмен салыстырғанда 103,2 пайызға өсті, ал өнеркәсіптік өндіріс көлемі 110,4 пайызға, сондай-ақ сыртқы сауда айналымы 135,5 пайызға көбейді», - деді Б. Жәмішев.