Мәжіліс депутаттары Петропавлда зауыт ұжымымен кездесті

АCТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс депутаттары Петропавл ауыр машина жасау зауытының қызметкерлерімен кездесті.

Кездесуде мәжілісмендер Мәулен Әшімбаев, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Звольский, Петр Шарапаев және Мұрат Теміржанов еңбекшілермен бірқатар мәселелерді талқылады және заң шығару қызметі туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Петропавл ауыр машина жасау зауыты - бүгінгі таңда Қазақстан нарығында сұранысқа ие кәсіпорын бірі. Бұл 50 жыл бойы мұнай өндіруші компаниялар үшін, техниканы және мұнай-химия мен мұнай өңдеу кәсіпорындары үшін, жабдықтар шығаратын еліміздегі жалғыз зауыт. Зауыт Қытай, Ресей, Жапония, Германия, Норвегия, Англия, АҚШ, Канада, Италия, Беларусь ірі компанияларымен байланыс орнатқан. Осында 1 мыңға жуық адам еңбек етуде, орташа жалақы - 95 мың теңге.

Өндіріс саласының жұмысшыларымен кездесу кезінде, мәжілісмендер өнеркәсіптік өндірістің елеулі өсуін және Солтүстік Қазақстанда бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың іске асыруда табыстылығын атап өтті. Мысалға, 2014 жылы Индустрияландыру картасы бойныша «Энергетикалық қазандық жабдығын дайындау бойынша өндірісін құру» атты табысты инвестициялық жоба іске асырылды. Жобаның арқасында зауытта 46 қосымша жаңа жұмыс орны құрылды.

Қызметкерлермен әңгіме барысында халық қалаулылары кәсіпорын қызметіне жоғары баға берді және отандық мұнай саласының дамуына қосқан үлестері туралы зауыт қызметкерлерінің еңбектері арқасында екенін  атап өтті.

«Петропавл ауыр машина жасау зауытында көптеген жас адамдар жұмыс істейді. Қазіргі таңда елімізде индустрияландырудың жаңа кезеңі жалғасуда. Жастар бір жерде отыруға тиіс емес. Өз әлеуетін іске асыру үшін, көптеген мүмкіндіктер жасалған. Мысалы, жаңа жұмыс орны ашылады», - деді депутат Петр Шарапаев.

Осы күні депутаттар облыс активінің жиналысына қатысты, «Нұр Отан» партиясы аймақтық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке қабылдады және аграрлық компаниялар: «Даму» қорының және Кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесті. Талқылаған тақырыптары - ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау мәселесі.

Мәжіліс депутаттары өңірге жұмыс сапарымен 5 қаңтарда келді. Осы кезеңде олар елді мекендердің тұрғындарымен бірнеше кездесулер өткізді, бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарына барды және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының ашылуына қатысты.