Мәжіліс депутаттары Шығыс Қазақстан облысында болды

None
АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерболат Әпсәлямов пен Александр Милютин Шығыс Қазақстан облысының көптеген аудандарын аралап шықты, деп хабарлайды ҚР Парламент Мәжілістің баспасөз қызметінен.

Семей қаласында депутаттар Ерболат Әпсәлямов пен Александр Милютин «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман қорығы» мемлекеттік мекемесінде болды. Халық қалаулылары мекеме басшылығымен және қорық қызметкерлерімен кездесу өткізді, сондай-ақ мекеменің техникалық жабдықтарымен танысып, қорықтың өрт сөндіру-химиялық станциясында болды. «Семей орманы» МТОҚ директоры Мақсат Елемесов Мәжіліс депуттарына Ертіс бойындағы қарағайлы орманды қалпына келтіру жұмыстарының қазіргі қарқыны мен алғашқы қорытындылары туралы баяндап берді.

Бүгінгі таңда «Семей орманы» МТОҚ аумағы 664,2 мың гектар жерді құрайды, оның ішінде 392,4 мың гектар жер - орман алқабы. Мекеменің құрамына 10 бөлімше кіреді. Қорықтың негізгі қызметі Ертіс өңіріндегі қарағайлы орманды табиғи күйінде сақтау, қалпына келтіру және қорғау, орман қорларын тиімді пайдалануды жолға қою және қадағалау болып табылады. «Семей орманы» МТОҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

Депутаттармен тілдесу барысында қорық қызметкерлері осы саладағы шешімін таппаған мәселелерді де атап өтті. Мысалға, бүгінгі таңда кәсіби орман шаруашылығының мамандары жетіспейді. Әсіресе, бұл мәселе орман қорығының ауылды жерлерде орналасқан бөлімшелері үшін өте өзекті. Мұндай мәселенің туындауына орман шаруашылығы мамандарының еңбекақысының аздығы да себеп болып отыр. Бүгінгі таңда орман шаруашылығы маманының орташа жалақысы 20 000 теңгені құрайды, сол себепті жастар орман шаруашылығы мамандығын игеруге құлық танытпай отыр, ал бітіріп шыққан мамандар, көбіне, ауылды жерлерге барып қызмет етуге келіспейді.

Бұдан басқа, заңнамалық тұрғыда шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Мысалы «Қызметкер еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» ҚР 07.02.2005 күнгі Заңында орман алқаптарын заңсыз кесу мен орман өртінен қорғау мақсатында орманды күзетумен айналысатын адамдардың еңбек міндеттерін атқару барысында өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру мәселелері қарастырылмаған. Мемлекеттік қызметкердің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруға қаражат көзделмейді.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды заңсыз кесуден қорғау мақсатында орманшылар ҚР әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодексіне орманды заңсыз кескені үшін тағайындалатын жазаны қатайту бағытында біраз өзгерістер енгізу керек деп есептейді. Мысалға, олар заңсыз орман кесумен айналыстаын адамдардың тек орман кесуге арналған құралдарын ғана емес, пайдалану нысанына қарамастан, орман кесу кезінде жұмсаған барлық заттарын: автокөліктерін, құрал-жабдықтарын, т.б., - барлығын тәркілеп алу туралы өзгерісті ұсынады.

Мәжіліс депутаттары, өз кезегінде, кездесу барысында көтерілген барлық мәселелерді ел үкіметінің назарына және тиісті органдардың қарауына ұсынатындықтарын жеткізді.

Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерболат Әпсәлямов пен Александр Милютин Семей қаласының жылу беру нысандарын аралады. Мәжіліс депутаттары қала басшылығымен және «Теплокоммунэнерго» МҚК қызметкерлерімен кездесті, жаңа су жылыту қазандығының құрылысында болып, жаңа жылу беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.

Келесі күні депутаттар Е. Әпсәлямов пен А. Милютин іссапармен Көкпекті және Тарбағатай аудандарында болды. Депутаттар аудан басшылығымен кездесіп, Көкпекті ауылындағы «Жол картасы» бағдарламасының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин халық қалаулыларына Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Аудан орталығында Мәжіліс депутаттары бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Бұдан соң, Мәжіліс депутаттары Тарбағатай ауданында орналасқан Әулие Ырғызбай ата Досқанаұлының кесенесінде болды. Кесенеге тағзым еткен соң, депуттар «Аманат» этнографиялық мұражайын тамашалап, «Әулие Ырғызбай ата» қайырымдылық қорының басшылары мен Қ.Раев атындағы Көкпекті балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті.

Облысты аралап шыққан Мәжіліс депутаттары Ерболат Әпсәлямов пен Александр Милютин іссапармен Аягөз қаласына келіп, аудан басшылығымен кездесіп, «Жол картасы» бағдарламасының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты, әкімшілік қызметкерлерімен және қала тұрғындарымен кездесу өткізді.

Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерболат Әпсәлямов пен Александр Милютин іссапармен Үржар ауданында болды. Депутаттар аудан басшылығымен кездесіп, Үржар ауданындағы «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Мәжіліс депутаттары Үржар және Мақаншы ауылдарында болды. Аудан орталығында депутаттар аудан басшылығымен және «Нұр Отан» партиясы аудандық бөлімінің белсенділерімен кездесіп, ауылдың дәл орталығында салынып жатқан «Батырлар аллеясы» кешенінің құрылысын көрді. Аталған аллея өңірден шыққан екі Кеңес Одағының батыры мен он сегіз Социалистік еңбек ерінің құрметіне арналған. «Бұл ауданымыздағы ең ерекше орындардың бірі болады, біз бұл жерді әдемі және құрметті орынға айналдыруымыз керек. Бұл өскелең ұрпаққа, өсіп келе жатқан жас үржарлықтарға батырлардан үлгі алу үшін керек»,- деп атап көрсетті аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Бұдан соң халық қалаулылары Мақаншы ауылында орналасқан №2 аудандық емханасында болды. Биылғы жылы емхананың ғимаратын жөндеуге «Жол картасының» аясында 44 млн. теңге қаражат бөлінген.

Осы сапар барысында депутаттар Е. Әпсәлямов пен А. Милютин іссапармен Қытай Халық Республикасымен шекарада орналасқан «Бақты» кедендік бекетінде болды.

Шығыс Қазақстан облысының кедендік бақылау департаментіне қарасты «Бақты» кедендік бекеті ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының 13.10.2007 күнгі №301 бұйрығына сәйкес жұмыс жасайды. Кедендік бекеттің орналасқан жері - Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Бақты ауылы. Кедендік бекеттің негізгі қызметі кедендік бақылауды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының шекарасынан өткізілетін тауарларды рәсімдеу.