Мәжіліс депутаттары Шымкент маңында қаза тапқан ұшқыштар мен шекарашыларды бір минут үнсіздікпен еске алды

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының басында депутаттар Шымкент маңында болған әуе апатында қаза тапқан ұшқыштар мен шекарашыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің иелігіндегі әскери-көліктік ұшақтың құлауы кезіндегі қайғылы оқиғада оның ішінде елдің Шекара қызметі бастығының уақытша міндетін атқарушысы, полковник Стамбеков басқарған барлық адамдар қаза болды. Барлығымыз Тұрғанбек Мұхаметқалиұлын да, оның әріптестерін де жақсы білетін едік, олармен бірге жақында ғана Парламент қабырғасында мемлекеттік шекараға қатысты маңызды заң жобасымен белсенді жұмыс істеген болатынбыз.

Бұл аса ауыр қайғылы оқиға. Біз қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтамыз», - деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылдың 25 желтоқсанында сағат 18:55-те Шымкент қаласының маңында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында болған барлық 27 адам, соның ішінде 7 экипаж мүшесі қаза тапты.