Мәжіліс депутаттары сотталғандарды жұмыспен қамтуға жағдай жасамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжілістің бір топ депутаттары бастамашылық жасаған құжат негізінен қолданыстағы заңнаманы қылмыстық-атқару кодексiнiң ережелерiне сәйкес келтiруге бағытталып, қылмыстық атқару жүйесi органдары мен жазаны орындау процесiне жұмылдырылған мемлекеттiк органдар арасындағы өзара iс-қимыл тәртiбi бойынша қайшылықтарды жоюды қарастырады. Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару кодексiне сәйкес әкiмдiктердiң қылмыстық-атқару саласындағы қызметтi үйлестiру және оны жүзеге асыру жөнiндегi құзыретi нақтыланады.

Заң жобасына бастамашы болған депутаттың бірі Светлана Бычкованың айтуынша, құжаттағы жаңалықтардың бір бағыты бас бостандығынан айырылған сотталушылардың еңбек процесіне қатысу үшін жағдай жасау болып табылады. «Осылайша, сотталушылар өздері келтірген шығынның орнын толтырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігіне ие болуы керек. Сотталғандарды жұмыспен қамту олардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жүріп жасайтын қылмыстарының үлес салмағын азайтуға да әсер етеді. Сонымен қатар, жазасын өтейтін тұлғалар қоғамға кәсіби тұрғыдан сұранысқа ие, материалдық жинағы қамтылған толыққанды мүше болып оралуы да маңызды, бұл рецидивтік қылмыстың қысқаруына да кепіл болады. Алайда, бүгінгі таңда мұндай міндетті қамтамасыз ету заңнамалық және ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар кемшіліктердің орын алуына байланысты күрделі күйінде қалып отыр», - дейді С. Бычкова. Оның айтуына қарағанда, бүгінгі күні еңбекке қабілетті сотталғандардың тек 48,1 пайызы ғана жалақысы төленетін жұмысқа ие. Сонымен қатар, 2015 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталған жалпы саны 41 360 адамды құрайтын сотталушының 25212-сі еңбекке қабілетті болса, соның тек 12116-сы ғана жұмыспен қамтылып отыр. Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендiру бойынша неғұрлым тиiмдi жұмысты қамтамасыз етуге, әлеуметтiк қызмет көрсету, жұмыспен қамту жүйелерiн күшейтуге, мемлекеттiк органдардың сотталғандармен толыққанды және жүйелi жұмыс iстеуi арқылы қылмыстың қайталану деңгейiн азайтуға мүмкiндiк бередi.