Елбасының партия съезінде берген тапсырмаларына орай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Бопазов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасов Текелі қаласының ең үлкен жылыжайда болып, қаланың жылу энергетикалық кешенінде жұмысшылармен жүздесті. Екі ұжымда да халық қалаулылары «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінің қорытындысы, партияның «Бақуатты қоғам: он жылдыққа он мақсат» бағдарламасын түсіндірді.
Шараға «Нұр Отан» партиясы Текелі қалалық филиалының төрағасы Бақтияр Өнербаев, төрағаның бірінші орынбасары Марғұлан Ботантаев, қала тұрғындары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, үкіметтік емес және БАҚ өкілдері қатысты.
«Халықпен кездесуде бірінші кезекте, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылу барысына, оның ішінде, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Біз осы бағытта қабылданған заңнамалық түзетулер, сондай-ақ жалпы заң шығарушылық жұмыстар жөнінде баяндауды жөн санадық» - деп түсіндірді іс сапар барысында топ жетекшісі Ерсұлтан Бектұрғанов.
Ал «Green House» ЖШС өткен кездесуде біз қызметкерлердің әлеуметтік салаға қатысты ойларын тыңдадық. Бүгінгі күні маңызды мәселе - жалақыны көтеру, Елбасы, партия Төрағасы нұротандықтардың алдына қойған маңызды міндет - халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік қызмет пен бизнестің қолжетімділігін арттыру мәселесі айтылды», - деді өз сөзінде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Марат Бопазов.
Мәжілісмендер еңбек ұжымы қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй, білім беру мен денсаулық сақтау салалары турасында ойларын жеткізіп, осы салаларға қатысты ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында жұмысшылар да бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғады. Айтылған барлық ұсыныс, тілектерді депутаттар өз қарауына алып, жауапсыз қалдырмайтынына сенім білдірді.